Бүгін Абай Құнанбайұлының туған күні
Бүгін Абай Құнанбайұлының туған күні. Ұлы ақынның дүниеге келген күніне орай, елімізде 2020 жылы 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді.
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әдеби-мәдени бағыттағы іс-шаралар өткізіледі. Ауқымды мерекелік жиындар той тойлау үшін емес, халықтың ой-өрісін кеңейту, ойшылдың шығармашылығын дәріптеу, жас ұрпаққа үлге ету мақсатында ұйымдастырылады.
Абай Құнанбайұлы – ақын, ағартушы, философ, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Оның терең пәлсапасы, мазмұнды һәм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мәңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық әндері күллі адамзатқа ортақ.
Ұлт руханиятының темірқазы – Абайдың туған күнін атап өту арқылы біз рухани әлемімізді байытамыз! Халқымыздың мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын жаңғыртамыз!
Баршаңызды рухани маңызы зор Абай күнімен құттықтаймыз!