Бақылаудан кәсіби мониторингке дейін
Бақылаудан кәсіби мониторингке дейін
Жоба барысында Қазақстанның төрт өңірінде қоғамдық мониторинг әдістемесін меңгерген мамандар тобы қалыптасты. Бұл тәсіл мәселені жай ғана тіркеумен шектелмейді. Ол процестерді, көрсеткіштерді, мемлекеттік органдар қызметінің заңнама мен белгіленген рәсімдерге сәйкестігін жүйелі түрде талдауды көздейді.
«Мониторинг дегеніміз — жай ғана келіп, бақылау емес, процестер мен индикаторларды талдауға негізделген жүйелі тәсіл», — дейді Александр Братенков.
Жоба аясында серіктестер төрт өңірде 10 мониторингтік жобаны іске асырып, журналистік зерттеулерді қоса алғанда 12 материал дайындады және мемлекеттік органдарға 98 практикалық ұсыным жолдады.

Ұсынымдар нақты өзгерістерге қалай ықпал етеді?
Кейбір ұсынымдар практикалық қолдау тапты. Цифрландыру және жасанды интеллект министрлігі анықталған мәселе бойынша бағдарламаға түзетулер енгізуге дайын екенін білдірді. Қостанай облысында мәслихат депутаттарының қатысуымен 2026–2029 жылдарға арналған облысты дамыту жоспарына «Қолжетімді интернет» бағдарламасы бойынша өзгерістер енгізілді. Ал Павлодар облысындағы мониторинг нәтижесінде әзірленген Су кодексін жетілдіру жөніндегі ұсынымдар Мәжілісте қаралғаннан кейін бейінді министрлікке жолданды.
Тағы бір мысал — Қостанай облысындағы «Таза Қазақстан» бағдарламасы. Жас ағаштарды отырғызу және күтіп-баптау мәселелері бойынша өтініштерден кейін өсімдіктерді күту тәсілдерін өзгертуге қол жеткізілді. Жоба деректеріне сәйкес, жас ағаштардың жерсіну көрсеткіші 82%-ға жеткен.
Дегенмен, қоғамдық ұсынымнан түпкілікті мемлекеттік шешімге дейінгі жол ұзаққа созылуы мүмкін. Ол келісу рәсімдерін, нормативтік өзгерістерді және қаржыландыруды талап етеді. Сондықтан мониторингтің тиімділігін тек жедел қабылданған ұсынымдардың санымен өлшеуге болмайды.
«Ұсынымдар нақты, орындалатын және оларды іске асыратын тараптармен бірлесіп әзірленген кезде әлдеқайда тиімді болады», — деп атап өтті сарапшы.
Нені өзгерту қажет?
Мониторинг бірнеше жүйелі міндетті анықтады: азаматтардың мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысу тетіктерін түсінікті ету, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты күшейту және нәтижелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру.
Азамат өз ұсынысын қайда жолдау керектігін, оны кім қарайтынын және қандай шешім қабылданғанын білуі тиіс. Ал мемлекеттік органдар ұсыныстарға мазмұнды әрі негізделген жауап беруге міндетті.
Мониторинг нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау да маңызды. Жарияланымдар мен бейнематериалдар анықталған проблемаларды қоғамға жеткізіп, оларды шешуге деген қоғамдық сұранысты қалыптастырады.
Жоба аяқталғаннан кейін не қалуы керек?
Келесі кезең — жинақталған тәжірибе мен әдістемені еліміздің басқа өңірлеріне таратуға мүмкіндік беретін қоғамдық мониторинг жүргізушілерінің қауымдастығын немесе коалициясын құру.
Жобаның тұрақты нәтижесі — есептер мен ұсынымдар ғана емес, сонымен бірге білікті мамандар, азаматтардың қатысуына арналған түсінікті тетіктер және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның тұрақты ынтымақтастығы.
«Ең бастысы — диалог пен шешім қабылдауға қатысатын барлық тараптардың жүйелі әрі өзара тиімді серіктестігі», — деп түйіндеді Александр Братенков.
Осылайша, қоғамдық мониторинг бір реттік бақылау рәсімі шеңберінен шығып, анықталған проблемаларды нақты ұсыныстарға айналдыруға және мемлекеттік шешімдерді жетілдіруге ықпал ететін құралға айналады.
Материал Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Азаматтық қоғам ұйымдары іске асыратын мемлекеттік даму бағдарламаларының мониторингі — Қазақстандағы саяси диалогтың негізгі құрамдас бөлігі» жобасы аясында дайындалды. Материалдың мазмұны үшін авторлар жауапты және ол Еуропалық Одақтың ресми ұстанымын міндетті түрде білдірмейді.















