Түлкібас ауданында мемлекеттік бағдарламаларды қоғамдық мониторингтеу: нәтижелер мен ұсынымдар

  • 16 - Ақпан, 2026 жыл.

Түлкібас ауданында мемлекеттік бағдарламаларды қоғамдық мониторингтеу: нәтижелер мен ұсынымдар

«Замир» қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы Түлкібас ауданында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізді. Жоба тұрақты даму бағытындағы бағдарламалардың ашықтығын, тиімділігін арттыруға және халықтың мемлекеттік қолдау тетіктері туралы хабардарлығын күшейтуге бағытталды.

 

Жобаның мақсаты мен міндеттері

Жобаның негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның қатысуымен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тәуелсіз бағалау және анықталған мәселелер бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсынымдар әзірлеу.
Жоба аясында келесі міндеттер жүзеге асырылды:

  • қоғамдық мониторинг процесін ұйымдастыру;
  • сандық және сапалық деректерді жинау және талдау;
  • жүйелі проблемаларды анықтау;
  • мемлекеттік органдарға ұсынымдар дайындау;
  • халық пен билік арасындағы диалогты дамыту.

Қамту және әдістеме

Мониторинг келесі үш мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілді:

  • «Ауыл – Ел бесігі / Ауыл-Аманаты»;
  • «Цифрлық Қазақстан»;
  • «Түркістан-2025».

Жоба барысында Түлкібас ауданының 14 ауылдық округінде онлайн және офлайн сауалнамалар өткізілді. Деректерді жинауға арнайы оқытудан өткен жергілікті белсенділер мен еріктілер қатысты. Жалпы 5 000-нан астам респондент қамтылып, халықтың бағдарламаларға қатысты көзқарасын жан-жақты бағалауға мүмкіндік туды.

 

Анықталған негізгі мәселелер

Халықтың хабардарлық деңгейінің төмендігі

  • сауалнамаға қатысқандардың 45%-ы мемлекеттік бағдарламалар туралы мүлдем білмейді;
  • 53,6%-ы қолдау түрлері мен шарттарынан хабарсыз;
  • 70,7%-ы бағдарламалардың нақты пайдасын сезінбеген.

 

Қаржыландырудың теңгерімсіздігі
2019–2025 жылдары Түлкібас ауданына 3 млрд 351 млн теңге бөлінген. Оның ішінде:

  • 87,5%-ы жол құрылысына жұмсалған;
  • тек 12,54%-ы әлеуметтік және мәдени нысандарға бағытталған.
    Бұл жағдай бағдарламалардың бастапқы мақсаттарына – әлеуметтік инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті, кооперацияны және жұмыспен қамтуды дамытуға – қайшы келеді.

Қолжетімділік пен рәсімдеудегі қиындықтар

  • 27,6% тұрғын нақты қолдау жоқ деп санайды;
  • 17% құжат жинауда қиындық көрген;
  • 16,4% жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмаған.

Әділдік пен ашықтыққа сенімнің төмендігі
Респонденттер қаржы бөлу критерийлерінің түсініксіз екенін, қоғамдық бақылау тетіктерінің жоқтығын атап өтті.

Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл

Мониторинг қорытындысы бойынша 31 ұсынымнан тұратын пакет әзірленіп, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарға жолданды.
Түлкібас ауданындағы интернет сапасы мәселесі алғаш рет республикалық деңгейде көтеріліп, аудан жақсартылған интернет инфрақұрылымы мен 5G енгізу үшін пилоттық аумақ ретінде қарастырыла бастады.

 

Қоғамдық диалог және ақпараттандыру

Жоба аясында әлеуметтік желілерде және жергілікті БАҚ-та ақпараттық материалдар жарияланып, қорытынды конференция өткізілді. Бұл халықтың белсенділігін арттырып, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етті.

 

Қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша негізгі ұсынымдар

1. Қаржыландыру құрылымын қайта қарау

  • жол құрылысына шамадан тыс басымдық беруді қысқарту;
  • әлеуметтік инфрақұрылымға, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік пен кооперацияға нақты үлес бекіту;
  • әр ауыл бойынша қаржыландыру есебін ашық жариялау.

2. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту

  • әр ауылдық округте тұрақты түсіндіру кездесулерін өткізу;
  • БАҚ, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды кеңінен пайдалану;
  • ауыл әкімдерінің халықты ақпараттандырудағы жауапкершілігін арттыру.

3. Қолжетімділікті арттыру

  • құжат жинау және өтінім беру рәсімдерін жеңілдету;
  • кепіл және пайыздық талаптарды ауыл жағдайына бейімдеу;
  • «бір терезе» қағидаты негізінде кеңес беру орталықтарын құру.

4. Кооперация мен кәсіпкерлікті дамыту

  • кооперативтерді қолдаудың түсінікті механизмдерін енгізу;
  • қатысушыларға арналған оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру;
  • қайта өңдеу және сервистік кооперативтерді қолдау.

5. Қоғамдық мониторинг пен ашықтықты енгізу

  • аудандық және өңірлік деңгейде қоғамдық бақылау кеңестерін құру;
  • ҮЕҰ, белсенділер мен кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету;
  • мониторинг нәтижелерін тұрақты түрде жариялау.

6. Түлкібас ауданын пилоттық өңір ретінде белгілеу

Қайта қаржыландыру, кері байланыс және қоғамдық бақылау тетіктерін сынақтан өткізу үшін Түлкібас ауданын пилоттық аумақ ретінде айқындау және табысты тәжірибені басқа өңірлерге тарату.

 

Дисклеймер

Бұл материал Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен әзірленді.
Мазмұны үшін жауапкершілік толықтай «Замир» қоғамдық бірлестігіне жүктеледі және ол Еуропалық Одақтың ресми көзқарасын білдірмейді.




Қазақстан, Алматы

Сатпаев к-сі 30/8,
139-кеңсе.

+7 (727) 398 95 25

Дс - Жм | 900 - 1800

info@civilcenteralmaty.kz

Барлық сұрақтар үшін

Telegram