Қостанай облысы тұрғындарының 60%-дан астамы интернет сапасына наразы: қоғамдық мониторинг қорытындысы
Қостанай облысы тұрғындарының 60%-дан астамы интернет сапасына наразы: қоғамдық мониторинг қорытындысы
Қостанай облысында «Қолжетімді интернет» пилоттық ұлттық жобасының іске асырылуына қоғамдық мониторинг аяқталды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, цифрландыру бойынша ауқымды жоспарларға қарамастан, интернеттің сапасы мен қолжетімділігі, әсіресе ауылдық жерлерде, өңір тұрғындары үшін әлі де ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Мониторингті Қостанай облысы Журналистер одағының қоғамдық бірлестігі жүргізіп, ол облыстың барлық аудандарын – ірі қалалардан бастап шалғай ауылдарға дейін қамтыды.
492 ауыл – тек үштен бірі ғана талшықты интернетпен қамтылған
Жиналған деректерге сәйкес, Қостанай облысында 492 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 161 ауыл (31%) ғана талшықты-оптикалық байланыс желісімен (ТОБЖ) қамтамасыз етілген.
Тағы 120 елді мекенде байланыс 2G–3G деңгейінде қалып отыр, бұл тұрғындардың онлайн білім алуға, электрондық мемлекеттік қызметтерге және цифрлық экономика мүмкіндіктеріне толық қол жеткізуін шектейді.
Сонымен қатар, 20 ауылда тұрақты мобильді байланыс мүлдем жоқ, ал 372 елді мекенде байланыс тұрақсыз, ауа райына және желіге түсетін жүктемеге тікелей тәуелді.
Сауалнама: тұрғындардың 74,7%-ы интернет сапасына қанағаттанбайды
Мониторингтің негізгі бөлігі 2025 жылдың тамыз айында жүргізілген әлеуметтік сауалнама болды. Сауалнамаға Қостанай облысының қалалық және ауылдық аумақтарынан 620 тұрғын қатысты.
Нәтижелер алаңдатарлық:
44,2% респондент интернет сапасына мүлдем қанағаттанбайтынын айтты;
30,5% – интернетке «көбіне қанағаттанбайтынын» жеткізді;
тек 31,5% ғана байланыс сапасына қанағаттанатынын немесе «көбіне қанағаттанатынын» көрсетті.

Тұрғындардың негізгі шағымдары – интернеттің төмен жылдамдығы, жиі үзілуі, қызметтердің қымбаттығы және базалық станцияларда резервтік электр қуатының болмауы. Соның салдарынан жарық өшкен кезде интернет те толықтай жоғалады.
Қағаздағы және іс жүзіндегі 5G
Жоба аясында өңірдің 5G технологиясын енгізуге дайындығы да талданды. Ресми деректерге сәйкес, облыста 44 антенна-діңгек құрылыстарын (АДҚ) салу жоспарланған.
Мониторинг жүргізілген кезеңде олардың 42-сі пайдалануға берілген, бұл жоспардың 95%-ын құрайды. Қалған нысандар іске қосу сатысында.
Жаңа базалық станциялар орнатылған аумақтарда сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 90%-ы интернет жылдамдығы мен тұрақтылығының артқанын атап өтті, ал байланыс инспекциясына түсетін шағымдар саны айтарлықтай азайған.
Екі журналистік зерттеу және билікке арналған жеті ұсыным
Мониторинг қорытындысы бойынша жоба командасы екі журналистік зерттеу дайындады. Олардың бірі түзеу мекемелеріне жақын аумақтарда қолданылатын байланыс «тұншықтырғыштар» мәселесіне арналды. Бұл құрылғылар салдарынан тұрғын үйлерде байланыс сапасы күрт нашарлаған.
Қоғамдық резонанс пен министрлік деңгейіндегі талқылаудан кейін аталған аудандарда азаматтардың шағымдары тоқтаған.
Сонымен қатар, салаға жауапты органдарға – цифрландыру басқармасына, мәслихатқа және орталық ведомстволарға 7 нысаналы ұсыным әзірленіп, жолданды. Ұсынымдардың бір бөлігі облыстың Даму жоспарын түзету барысында ескеріліп, бюджеттік жоспарлаудың ашықтығын арттырды.
Серіктестік пен қоғамдық бақылау
Жоба аясында ҮЕҰ, кәсіподақтар және мемлекеттік құрылымдармен 10 ынтымақтастық меморандумы жасалды. Бұл қоғамдық мониторингтің географиясын кеңейтіп, жергілікті сарапшылар мен тұрғындарды белсенді түрде тартуға мүмкіндік берді.
Ақпараттық сүйемелдеуді өңірлік және республикалық БАҚ, оның ішінде Tengrinews.kz, сондай-ақ жергілікті онлайн-платформалар қамтамасыз етті. Нәтижесінде БАҚ-та 9 материал, әлеуметтік желілерде 4 медиапост жарияланып, жалпы аудиториялық қамту 1 000-нан астам адамды құрады.

Қорытынды: сандар бәрін айтып тұр
Қоғамдық мониторинг Қостанай облысында қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздік әлі де сақталып отырғанын көрсетті.
Цифрландыру жоспарлары формалды түрде орындалып жатқанымен, интернеттің нақты сапасы тұрғындардың үмітіне әлі толық сай келмейді.
Зерттеу авторлары атап өткендей, «Қолжетімді интернет» жобасын одан әрі дамыту үшін тек инфрақұрылым салу жеткіліксіз. Ол үшін жүйелі қоғамдық бақылау, азаматтардың пікірін ескеру және мемлекет, байланыс операторлары мен қоғам арасындағы ашық әрі тұрақты диалог қажет.















