Жетісудағы «Салауатты болашақ»: қоғамдық мониторинг жастар саясатын дамытуға қалай ықпал етуде
Жетісудағы «Салауатты болашақ»: қоғамдық мониторинг жастар саясатын дамытуға қалай ықпал етуде
«ҚОС ҚАНАТ ЖЕТІСУ» Қоғамдық бірлестігі «Жетісу облысындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қоғамдық мониторинг жүргізу: “Салауатты болашақ”» гранттық жобасын жүзеге асырды. Жоба «Қазақстандағы саяси диалогтың негізгі компоненті ретінде азаматтық қоғам субъектілері жүзеге асыратын мемлекеттік даму бағдарламаларының мониторингі» бағдарламасы аясында іске асырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – «Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының» «Салауатты өмір салты» бағыты бойынша орындалуын бағалау, проблемалық тұстарды анықтау және өңірдегі мемлекеттік шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар әзірлеу болды.

Деректерді ауқымды жинау және жастарды тарту
Жобаны іске асыру барысында мониторингтік топ құрылып, Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты «Jetisý jastary» КММ және Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, қажетті статистикалық мәліметтерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі – 12 жастан 35 жасқа дейінгі жастар арасында сауалнама жүргізу болды. Зерттеу Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласын қамтып, барлығы 7 662 респондент қатысты. Нәтижесінде жастардың 65%-ы дене белсенділігіне жоғары немесе орташа қызығушылық танытатыны анықталды, ал 35%-ы спортқа қызығушылығы төмен немесе мүлде жоқ екенін көрсетті.
Респонденттердің 62%-ы өз елді мекендерінде спорт нысандары бар екенін айтса, тек 38%-ы олардың жағдайын жақсы деп бағалады. Спортпен айналысуға кедергі келтіретін негізгі факторлар ретінде уақыттың жетіспеуі (57,4%), қаржылық қиындықтар (20%), мотивацияның төмендігі (17%) және инфрақұрылым тапшылығы (10%) аталды. Ең танымал спорт түрлері – футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру және фитнес залдарға бару.
Алынған деректер инфрақұрылымды жақсарту және қолжетімді бағдарламаларды кеңейту жағдайында жастардың салауатты өмір салтына бейімділігі жоғары екенін көрсетті.

Диалог алаңдары және мониторингтік сапарлар
Жоба аясында Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарында және Қапал ауылында көшпелі мониторингтер мен диалог алаңдары ұйымдастырылды. Бұл кездесулер жастар, жергілікті атқарушы органдар, спорт мекемелері және қоғамдық ұйымдар арасындағы тікелей пікір алмасу алаңына айналды.
Қатысушылар спорт нысандарының жағдайы, кешкі уақытта алаңдардың қолжетімділігі, бассейндердің жоқтығы, модульдік спорт кешендеріндегі жылыту мен желдету мәселелерін көтерді. Кездесулер қорытындысы бойынша тиісті әкімдіктер мен салалық басқармаларға ресми өтініштер жолданды.
Үшарал қаласында мониторингтік топ Қошақан саябағындағы спорт алаңының апатты жағдайда екенін анықтады. Әкімдікке жолданған өтініш нәтижесінде нысанды 2026 жылғы бюджет есебінен қалпына келтіру жоспарына енгізу туралы ресми жауап алынды.
Сарқан қаласында SARQAN ARENA ангар типіндегі жабық стадионға жүргізілген тексеру барысында жылыту, желдету, санитарлық тораптар мен қауіпсіздік жүйелерінің жоқтығы белгілі болды. Ақпарат аудан әкіміне жолданып, қорытынды Дөңгелек үстелде ұсынылды. Нәтижесінде Жетісу облысының спорт басқармасы нысанды бақылауға алды.
Аталған жағдайлар қоғамдық мониторингтің нақты өзгерістерге ықпал ете алатынын және жауапты құрылымдардың есептілігін арттыратынын көрсетті.
Сараптамалық бағалау және ұсыныстар
Жобаға тәуелсіз сарапшы Төлемісова Ж.Е. тартылып, жастар саясаты мен салауатты өмір салты саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге қоғамдық сараптама жүргізді. Талдау барысында заңнамалық базаның бар екені анықталғанымен, спорт инфрақұрылымына қолжетімділіктің тең болмауы, мониторинг нәтижелерінің ашық жарияланбауы және жастардың бағдарламаларды бағалауға жеткіліксіз тартылуы сияқты жүйелі мәселелер айқындалды.
Сараптама мен далалық зерттеулер қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен жастар құрылымдарына арналған 15 ұсыныс әзірленді. Негізгі бағыттар қатарында:
тегін және шартты түрде тегін спорт секциялары желісін кеңейту;
спорт нысандарының жұмыс кестесін оңтайландыру;
мобильді спорт бағдарламалары арқылы ауыл инфрақұрылымын дамыту;
жастарға арналған спорттық және әлеуметтік бастамалар туралы ақпарат беретін бірыңғай цифрлық платформа немесе Telegram-арна құру;
ведомствоаралық өзара іс-қимылды және жастармен жүйелі кері байланысты күшейту;
марафондар, фестивальдер, челлендждер және қызығушылық клубтары сияқты жаңа спорттық-сауықтыру форматтарын енгізу.
Қорытынды Дөңгелек үстел және нәтижелерді ілгерілету
2025 жылғы 18 қарашада Талдықорған қаласында мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары, саяси партиялар, ҮЕҰ және белсенді жастар қатысқан Дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар мониторинг нәтижелерін талқылап, жастар саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіру қажеттігін қолдады. Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар нақтыланып, Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау, білім басқармаларына, сондай-ақ Қоғамдық кеңес пен «Jetisý jastary» КММ-ге жолданды.
Жоба бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды: 30-дан астам материал жарық көріп, «Жетісу» телеарнасында арнайы сюжет көрсетілді, облыстық газеттерде мақалалар жарияланды.















