Жетісудағы қолжетімді интернет: қоғамдық мониторинг жоспар мен шындық арасындағы алшақтықты көрсетті

  • 23 - Қаңтар, 2026 жыл.

Жетісудағы қолжетімді интернет: қоғамдық мониторинг жоспар мен шындық арасындағы алшақтықты көрсетті

 

 Жетісу облысында «Қолжетімді интернет» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындылары жарияланды. Зерттеу 2025 жылдың мамыр–қазан айлары аралығында облыстың төрт ауданы мен үш қаласында өткізіліп, цифрлық қолжетімділік саласындағы бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады. Жоба Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Мониторингтің негізгі мақсаты — мемлекеттік бағдарламада белгіленген көрсеткіштердің өңірлердегі нақты жағдайға қаншалықты сәйкес келетінін бағалау, сондай-ақ цифрландыру саласындағы ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейту.

Мониторинг нәтижелері нені көрсетті

Жоба аясында интернет сапасын өлшеу бойынша далалық зерттеулер жүргізіліп, 420 тұрғынға сауалнама алынды, сараптамалық талқылаулар ұйымдастырылып, журналистік зерттеулер дайындалды. Алынған деректер жоспарланған көрсеткіштер мен нақты жағдай арасында елеулі айырмашылық бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, кеңжолақты интернетке қолжетімділік 100 пайыз деп жоспарланғанымен, іс жүзінде бұл көрсеткіш шамамен 12 пайызды ғана құрады. Ауылдық елді мекендердегі жағдай одан да күрделі: талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту жоспары 90 пайыз болса, нақты көрсеткіш 10 пайыз шамасында. Ал 4G мобильді интернетімен қамту деңгейі жоспарланған 100 пайыздың орнына шамамен 25 пайызды ғана құрап отыр. Сауалнамаға қатысқан тұрғындар интернет жылдамдығының төмендігін, байланыстың тұрақсыздығын, қызмет құнының жоғары екенін және әсіресе ауылдық жерлерде ақпараттың жеткіліксіздігін негізгі проблемалар ретінде атап өтті.

 Цифрлық теңсіздік және әлеуметтік тәуекелдер

 Мониторингтің басты қорытындыларының бірі — қала мен ауыл арасындағы тұрақты цифрлық теңсіздіктің сақталуы. Жоба аясында екі зерттеу жүргізілді. Оның бірі байланыс нарығындағы монополиялану мен жеке операторлар үшін тең емес жағдайлардың интернет қолжетімділігіне әсерін талдауға арналды. Екінші зерттеу балалардың цифрлық қауіпсіздігі мәселесіне қатысты болды. Көксу ауданының жеті мектебінде оқушылардың сабақ барысында тыйым салынған интернет-ресурстарға еркін қол жеткізгені анықталды. Олардың ішінде ересектерге арналған және діни мазмұндағы сайттар да болған. Кәмелетке толмағандар арасындағы психологиялық қауіптерді ескерсек, мұндай жағдайлар интернет-контентті сүзгілеу мен бақылау тетіктерін күшейтуді талап етеді.

Ұсынымдар және билікпен диалог

Қоғамдық мониторинг нәтижесінде интернет қолжетімділігін жақсартуға бағытталған 10 ұсыным әзірленді. Олардың қатарында интернет жылдамдығы мен сапасына тәуелсіз аудит жүргізу, «ақтаңдақ аймақтардың» картасын жасау, ашық көрсеткіштерге негізделген қоғамдық мониторинг жүйесін енгізу бар. Сондай-ақ талшықты-оптикалық, сымсыз және спутниктік технологияларды біріктіре қолдану, мектептер мен медициналық пункттерді басым тәртіппен интернетке қосу, жергілікті қауымдастықтарды цифрлық жоспарлауға тарту ұсынылады. Маңызды нәтижелердің бірі — Жетісу облысы әкімдігінің Цифрландыру басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Жоба аясында білім беру саласының өкілдерімен, өңірлік атқарушы органдармен және жауапты мемлекеттік құрылымдармен төрт бірлескен талқылау өткізілді. Бұл азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты дамытуға мүмкіндік берді.

Қоғамдық әсер және келешек жоспарлар

Ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар нәтижесінде 14 678 адам қамтылды. Сарапшылардың пікірінше, жоба цифрлық теңсіздік мәселесіне қоғамдық назарды күшейтіп, жергілікті деңгейде азаматтық белсенділіктің артуына ықпал етті. Жоба ұйымдастырушылары 2026 жылы қоғамдық мониторингті жалғастыруды және жария бақылау құралдарын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, тек ашықтық, ведомствоаралық үйлестіру және қоғамның белсенді қатысуы арқылы ғана мемлекеттік бағдарламалардағы жоспар мен өңірлердегі нақты жағдай арасындағы алшақтықты қысқартуға болады.

 Бұл материал Жетісу облысында «Қолжетімді интернет» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына жүргізілген қоғамдық мониторинг жобасы аясында дайындалды. Материалда келтірілген пікірлер мен қорытындылар авторлардың көзқарасын білдіреді. Жоба Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды 




Қазақстан, Алматы

Сатпаев к-сі 30/8,
139-кеңсе.

+7 (727) 398 95 25

Дс - Жм | 900 - 1800

info@civilcenteralmaty.kz

Барлық сұрақтар үшін

Telegram