Қолжетімді орта: формалды нормалар мен қаланың нақты өмірі
Соңғы жылдары қалалық ортаның қолжетімділігі тақырыбы кәсіби талқылаулар шеңберінен шығып, қоғамның кең назарын аудара бастады. Бұл тек мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, сондай-ақ егде жастағы азаматтарға, бала арбасымен жүретін ата-аналарға, уақытша жарақаты бар адамдарға — яғни қалалық инфрақұрылым елеулі кедергіге айналуы мүмкін барлық тұрғындарға қатысты. Қазақстан 2015 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялап, нысандар мен қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер алды. Осы уақыт ішінде ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, мемлекеттік бағдарламалар мен стандарттар қабылданды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, заңдардың болуы олардың жергілікті деңгейде толық іске асуын әрдайым қамтамасыз ете бермейді. Талдықорған қаласындағы қоғамдық талдау Талдықорған қаласында әлеуметтік және қоғамдық нысандардың қолжетімділік жағдайына кешенді қоғамдық талдау жүргізілді. Мониторингтің бастамашысы — көптеген жылдар бойы мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында жұмыс істеп келе жатқан «Алпамыс» мүгедек балаларды қамқорлыққа алған ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі. Зерттеу аясында қалалық инфрақұрылымның 80-нен астам нысаны — білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, мәдениет пен спорт нысандары, сондай-ақ бизнес пен қызмет көрсету саласындағы объектілер қамтылды.
Нені және қалай тексерді
Бағалау қолжетімділікке қатысты қолданыстағы құрылыс нормалары мен стандарттар негізінде, соның ішінде СТ РК 3846–2023 ұлттық стандартына сәйкес жүргізілді. Мониторинг мынадай жұмыстарды қамтыды:
• ғимараттарды жергілікті жерде қарап-тексеру;
• қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізу;
• салалық мамандармен және мемлекеттік органдар өкілдерімен талқылаулар;
• кедергісіз орта қағидаттарын іске асырудың нормативтік базасы мен тәжірибесін талдау.
Ерекше назар тек физикалық қолжетімділікке ғана емес, сондай-ақ навигация, қызметтерді алу және ғимараттар ішінде өздігінен қозғалу мүмкіндіктеріне аударылды.
Негізгі қорытындылар
Талдау нәтижелері талаптар мен бағдарламалардың болуына қарамастан, қаладағы нақты қолжетімділіктің әлі де үзік-үзік сипатта екенін көрсетті. Ең жиі анықталған мәселелердің қатарында:
• нормативтерге сәйкес келмейтін пандустар;
• лифтілер мен көтергіш платформалардың болмауы;
• қолжетімсіз санитарлық тораптар;
• тактильді навигация мен визуалды көрсеткіштердің жеткіліксіздігі;
• ғимараттардың жоғарғы қабаттарында орналасқан қызметтерге қол жеткізудің қиындығы.
Сонымен қатар сарапшылар ескертулерге жедел жауап беріп, кедергілерді жоюға дайын нысан иелері мен басшылары бар оң тәжірибелерді де атап өтеді. Мониторинг өзгерістерге әкелген кезде Жекелеген кейстер қоғамдық бақылаудың тез әрі нақты нәтиже бере алатынын көрсетті. Мәселен, Талдықорғандағы медициналық орталықтардың бірінде анықталған кемшіліктерден кейін кіреберіс топтары қайта жабдықталып, мүгедектер арбасындағы пациенттер үшін кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілді. Нәтижесінде қозғалысы шектеулі адамдар медициналық қызметтерді бөгде көмексіз, өздігінен пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Формалды есептің орнына — диалог
Жұмыстың маңызды бөлігі жергілікті атқарушы органдар, салалық ведомстволар және бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл болды. Талқылаулар фокус-топтар мен дөңгелек үстелдер форматында өтіп, жекелеген мәселелермен қатар жүйелі проблемалар да көтерілді: ғимарат иелерінің жауапкершілігі, стандарттардың сақталуын бақылау, ескі ғимараттарды бейімдеу қажеттілігі, қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Талдау қорытындысы бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді — қалалық та, ұлттық деңгейде де. Олардың қатарында бақылауды күшейту, қаржылық ынталандыру тетіктерін дамыту, мүгедектігі бар адамдардың өздерін мониторинг пен шешім қабылдау үдерістеріне тарту бар.
Неліктен бұл маңызды
Зерттеу деректері бойынша, Талдықорған қаласында халықтың шамамен 14%-ы аз қозғалатын топтарға жатады, яғни қаланың әрбір жетінші тұрғыны қалалық ортаның қолжетімділігіне тікелей тәуелді. Халықтың қартаюын және жарақат алу деңгейінің өсуін ескерсек, бұл үлес алдағы уақытта арта түспек. Қолжетімді орта — «қосымша қолайлылық» емес, ол қалалық саясаттың кемелдігін және адам құқықтарына деген құрметті көрсететін көрсеткіш. Бұл — өздігінен қозғалу, қызметтерді алу және қоғамдық өмірге қатысуға арналған базалық құқық. «Алпамыс» ҚБ жобасының сарапшылары атап өткендей, жүйелі мониторинг пен қала тұрғындарының нақты қатысуынсыз кез келген мемлекеттік бағдарламалар формалды сипатта қалып қоюы мүмкін. Сондықтан қолжетімділік саласындағы қоғамдық бастамалар бүгінде қалалардың орнықты дамуының маңызды элементіне айналып отыр.
«Бұл жарияланым Еуропалық одақтың қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында дайындалды. Оның мазмұны үшін тек «Ақпараттық-ресурстық орталық» ҚҚ жауапты және ол Еуропалық одақтың көзқарасын міндетті түрде білдірмейді.» 















