Павлодарда денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға жүргізілген қоғамдық мониторингтің нәтижелері ұсынылды
11 қараша 2025 жылы Павлодар қаласында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындылары таныстырылды. Жобаның бастамашысы – «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ, жоба «Ақпараттық ресурс орталығы» ҚҚ қолдауымен және Еуропалық Одақ қаржыландыратын бастама аясында жүзеге асырылуда.
Мониторинг ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы және Павлодар облысының даму жоспарларындағы міндеттердің орындалуын қамтыды. Жұмыс барысында 15-тен астам ресми сұрау жолданып, 150-ден аса тұрғынмен сауалнама және фокус-топтар жүргізілді, ауылдық елді мекендерге мониторингтік сапарлар жасалды.
Мониторингтің негізгі нәтижелері
• Ұлттық көрсеткіштердің 9-ының 3-і орындалмаған.
• Халықтың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі — 54,6% (жоспар — 74,6%).
• Жүрек-қан тамыр ауруларынан өлім-жітім — 100 мың адамға 138,07 (жоспар — 122,5).
• Онкологиялық аурулардан өлім-жітім — 100 мың адамға 60,07 (жоспар — 57,2).
• Сәбилер өлімінің деңгейі жоспардан жоғары: 1000 тірі туғанға 6,9 (жоспар — 5,8).
• Оң динамика — соңғы екі жылда ана өлімі тіркелмеген.
• Ауылдық аймақтарда кадр тапшылығы, дәрі жеткіліксіздігі және жол қатынасы мәселелері сақталуда.
Ұсынымдар
• Ауылдық ФАПтар мен амбулаториялардағы кадр тапшылығын азайту.
• Қашықтағы ауылдарда дәрілік қамтамасыз етуді жақсарту.
• Скринингтер мен профилактикалық тексерулерді кеңейту.
• Бағдарламалардың іске асырылуы туралы мәліметтердің ашықтығын арттыру.
• Қоғамдық ұйымдарды тұрақты мониторинг процесіне тарту.
Жобаның маңызы
Жоба азаматтық қоғам, медицина саласы және мемлекеттік органдар арасындағы әріптестіктің тиімді үлгісіне айналды. Ұсынымдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және Павлодар облысының әкімдігіне жолданды.
Бұл материал Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен дайындалды. Мазмұны авторлардың жеке жауапкершілігінде болып табылады және Еуропалық Одақтың көзқарасын міндетті түрде білдірмейді.