Қоғамдық мониторинг – халық мүддесі үшін! Жетісу облысында алғашқы нәтижелермен танысу өтті
2025 жылғы 20–22 мамыр аралығында Жетісу облысында «Азаматтық қоғам субъектілері жүзеге асыратын мемлекеттік даму бағдарламаларына мониторинг – Қазақстандағы саяси диалогтың негізгі құрамдас бөлігі» жобасы аясында мониторингтік сапар өтті. Жоба Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда және жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қоғамдық бақылауды дамытуға бағытталған.
Қандай ұйымдар қатысуда?
Жетісу облысында үш ұйым белсенді жұмыс істеуде:
• «Алпамыс» ҚБ – «Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта» жобасы;
• «Қос қанат Жетісу» ҚБ – «Болашақ – жастардың қолында» жобасы;
• Жетісу облысының Әйелдердің ауылдық желісі ҚБ – «Қолжетімді интернет» жобасы.
Бұл жобалар аясында сарапшылардың, мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық мониторинг ұйымдастырылып жатыр
Қандай нәтижелер бар?
Үш ай ішінде:
• тұрғындармен және мемлекеттік органдармен ондаған кездесу өткізілді,
• нақты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы зерделенді,
• қиындықтар мен кедергілер анықталды.
«Мақсат тек бақылау емес – тиімді ұсыныс беру. Мемлекеттік бағдарламалар қағаз жүзінде емес, халықтың өмірін жақсартуға қызмет етуі тиіс», – дейді «Алпамыс» ҚБ өкілі Ерболат Рахымов.
Бұл не үшін маңызды?
Азаматтар тек қызмет алушы ғана емес, мемлекеттік саясаттың толыққанды қатысушысы екенін дәлелдеу – жобаның басты идеясы.
Жоба Қазақстанның басқа өңірлерінде де жалғасуда. Жетісу облысы – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы әріптестіктің жарқын үлгісі.